Аягөз филиал архившісі біліктілігін арттырып, сертификат алды
Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Абай облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Аягөз филиалы архившісі Бостанова Балжан Октябрисовна 2026 жылғы 26–27 ақпан күндері Астана қаласында өткен «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттаманы басқару, құжат айналымын ұйымдастыру тәртібі» тақырыбындағы біліктілікті арттыру семинарына қатысты.
Аталған семинар барысында мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардағы іс жүргізу тәртібі, құжат айналымын тиімді ұйымдастыру, құжаттарды рәсімдеу және архивте сақтау талаптары кеңінен қарастырылды.
Семинар барысында Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті басқармасының басшысы С.Н. Тащанова: «Архив ісі саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады. С.Н. Тащанова көтерілген барлық мәселелерге кәсіби тұрғыда, түсінікті әрі нақты жауап беріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Баяндама мазмұнды, ақпараттар өзекті әрі пайдалы болды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің ғылыми-ақпараттық бөліміне, ұлттық қор сақталатын қоймаларға, құжаттарды қалпына келтіру зертханаларына экскурсия жасалды.
16 академиялық сағат көлеміндегі оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған архивисіміз тиісті сертификатқа ие болды. ҚР Ұлттық архивінің директоры С.Е.Нұрланова қатысушыларға сертификаттар табыстады.
Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру – филиал жұмысының сапасын жақсартуға, заманауи талаптарға сай қызмет көрсетуге және құжаттаманы басқару ісін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Әріптесімізді алған сертификатымен құттықтай отырып, алдағы жұмысына табыс пен жаңа жетістіктер тілейміз!