Ахмеджан Қозбағаров
Алаш партиясы басшыларының бірі Ахмеджан Қозбағаров (1885-1937жж.) Семей уезінің Шыңғыстау болысының Атей ауылында дүниеге келген. Ол 1906 жылы Омбы орталық фельдшерлік мектебін бітірді. 1910 жылға дейін Семей уезінің 1-ші және 4-ші учаскелерінде фельдшер болып қызмет атқарған, кейін 7 жыл бойы Семей қоныс аударушылар ауруханасында фельдшер болып жұмыс істеген. Осы кезде ол Семей земство басқармасының төрағасы болып сайланды.
1920 жылға дейін Ахмеджан Қозбағаров Алаш партиясының мүшесі болып, партияның Семей облыстық комитетінің құрамына кірді. Алашорда үкіметі таратылып, Кеңес өкіметі орнауына байланысты партия қатарынан шықты. Осыған байланысты ол фельдшер мамандығы бойынша жұмысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Ол Шыңғыстау облысының, Марқакөл ауданы мен Қаратал кеңшарының, Алматы биохимиялық комбинатының, Оңтүстік Қазақстан облысы Талас ауданының аудандық ауруханасының Арқат дәрігерлік пункттерін басқарды, сондай-ақ Алматы облысындағы Түрген қой кеңшарының дәрігерлік пункті мен ауруханасының және №2 Алматы кірпіш зауыты амбулаториясының меңгерушісі болды.
1937 жылы контрреволюциялық ұйымға мүше болды деген айыппен РКФСР ҚК-нің 58-4-бабы бойынша тұтқындалды, 1937 жылғы 9 қазанда Шығыс Қазақстан облысы бойынша ІІХКБ-ның қаулысымен ату жазасына кесілді. Үкім 1937 жылғы 11 қазанда орындалды. 1957 жылғы 30 қарашада Түркістан әскери округінің әскери трибуналы істі тоқтату, 1937 жылғы 9 қазандағы қаулының күшін жою және қайтыс болғаннан кейін ақтау туралы анықтама берді.
