«Абайдың сөзі -қазақтың бойтұмары» атты қалалық Абай оқулары сайысы өтті
2020 жылдың 28 ақпаны күні 45 бейімделген орта мектебінде ұлы ақын, ойшыл А. Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай «Абайдың сөзі -қазақтың бойтұмары» атты 13 - дәстүрлі Абай оқулары болып өтті. Шараның мақсаты- ұлы дана, ойшыл Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттау, ұлыларды құрметтеу, сол арқылы оқушы бойына мақтаныш сезімін тудыру, даналардың даралығын бағалау, қастерлей білуге баулу болды.
Абай шығармашылығын жас ұрпақ бойына терең сіңіру мақсатындағы байқауға қала мектептерінен 90-ға жуық үміткерлер қатысты. Сайыс төрт бөлімнен тұрды: бірінші бөлім «Өлең – сөздің патшасы» деп аталды. Онда сайыскерлер Абайдың бірнеше өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыса, «Көркемсөз оқу шеберлігі» сайысында «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа оқып сайысқа түсті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» сайысында жас ақындар берілген тақырып бойынша өлең шығарып бақтарын сынаса, «Полиглот» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Үш тілдің тұғырлығы» сайысына лицей-гимназия оқушылары қатысты.
Қазылар алқасы қатысушылардың көркем мәтінді таңдау және оқу шеберліктеріне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап, таза сөйлеуіне және сахна мәдениетіне баса назар аударды.
Абай оқуларына қатысқан барлық оқушылар шараға белсене қатысып, өз өнерлерін ортаға салуға тырысты. Сайыс қорытындысы бойынша «Өлең – сөздің патшасы» кезеңі бойынша 1-орынды № 46 мектеп иеленсе, 2-орынды №1 мектеп, 3-орынды №45 мектеп қанжығаларына байлады. «Көркемсөз оқу шеберлігі» сайысы бойынша №43 мектеп 1-орынды, №42, №5, №46 мектептер 2-орындарды, № 22 мектеп 3-орындарды бөлісті. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» сайысы бойынша №45 мектеп 1-орынды иеленді.
Қатысушылардың барлығын Өскемен қалалық білім беру бөлімінің басшысы Абылайхан Ақерке алғыс хаттармен марапаттады.