Алғашқы қазақ әйел журналистерінің бірі, Абай мұрасын жаңғыртушы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың туғанына 125 жыл толады
Құлжанова Нәзипа 1887 жылы Торғай қаласында дүниеге келіп, сол қалада негізін Ыбырай Алтынсарин қалап кеткен қазақ-орыс мектебінде оқыды. Оқуын Торғайдағы әйелдер гимназиясында жалғастырды (кезінде Қазақ жеріндегі жалғыз әйелдерге арналған жоғарғы оқу орны), кейінірек көмекші мұғалім ретінде қызмет етті.
Нәзипа оқуын жақсы аяқтап, үздік дипломға қолын жеткізеді. 15 жасар гимназисткаға талапкершілігі мен ізденушілігі, «әдептілігі мен табыстары» үшін орыс ақыны В.Жуковскийдің шығармаларын атаулы сыйлық ретінде табыс етеді. Нәзипа қазақ әйелдерінен ең алғаш орысша сауат ашқан болып танылды.
1902 жылы Нәзипа Шұбар болыстық ауылындағы мектеп мұғалімі Нұрғали Құлжановпен танысады да, кейін оған тұрмысқа шығады. 1905 жылы олар Семей қаласына көшіп келеді. Мұнда оның күйеуі жаңа ашылған мұғалімдер семинариясында жұмыс істеді және орыс тілі мен әдебиетінен дәрістер берді.
Семейдегі жұмыс Нәзипаға Абайдың әулетімен, сол замандағы қайраткерлермен және олардың арасында әсіресе айдауда жүрген революционерлермен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Семей Географиялық қоғамына мүше ол, үлкен танымдық мәні бар деген оймен көптеген әдеби-саздық және этнографиялық қайырымдылық кештерін өткізеді. Айталық, 1914 жылдың 26(25) қаңтарында приказчиктер клубында (драма театрдың көне ғимараты) ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбаевтың қайтыс болғанына 10 толуына бағышталған алғашқы естелік кеш өткізді. Этнографиялық кештің бағдарламасында Нәзипа Құлжанованың Абай шығармашылығы мен қызметі жайында әзірлеген баяндамасы да бар болатын.
1915 жылдың 13 ақпанында Петроградтағы Жылжымалы мұсылмандар лазареті және мұқтаж білім алушы қырғыздарға пайдасын тең бөлумен арналған әдеби-сазды қайырымдылық кеш – Нәзипа ұйымдастырған екінші ірі мәдени шара деп саналады. Аталған шара «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің назарына ілікті.
Нәзипаның әдеби-сазды қайырымдылық кештерін ұйымдастыру тәжірибесі ұлттық театр құрылуына баға жетпес үлес қосты. Өзі атқарған істерінде Нәзипа үнемі жастарды тәрбиелеу мен халықты мәдени сауаттандыру тақырыптарын қозғап отырды.
Күйеуі қайтыс болғаннан кейінгі 2 жылда Назипа Ақмола қаласында оқытушы болып жұмыс істейді. 1923 жылы ол «Қызыл Қазақстан» журналына ауысады да, журналистика мен әдеби-аудармашылыққа бет бұрады. Негізінен орыс жазушыларының шығармаларын қазақшаға аударады. Атап айтқанда В.Г.Короленко мен Б.А.Лавреневтың кітаптарын аударды, бірақ кейде қазақшадан орысшаға да аударды (Ы.Алтынсарин – «Көктем»).
Нәзипа қазақ және орыс халқы арасында Абайдың поэтикалық шығармашылығын алғаш насихаттаушы болды. Ол Абайдың «Махаббат туралы», «Желсіз түнде жарық ай» («Безветренная ночная луна») өлеңдерін орысшаға аударды. Соңғысының аудармасы 1915 жылы «Сибирский студент» журналында басып шығарылған болатын.
Қазақстанда алғаш көзі ашық қазақ әйелі ретінде, Нәзипа әйелдер қозғалысының дамуына үлкен үлес қосты, әйелдердің қоғамдағы ұстанымдарының белсенді болуын қолдап отырды. Нәзипа Бірінші Шығыс әйелдері съезінің ұйымдастырушылары қатарында болды.
Өзінен кейін шағын, бірақ ауқымды шығармашылық мұралар, мақалалар, кітаптар мен аудармалар қалдырған Нәзипа Құлжанова 1934 жылы 46 жасында дүниеден өтеді
|