Өскемен қаласының
Білім беру бөлімінің
Ресми сайты

Өскемен қаласында дәстүрлі тамыз конференциясы болып өтті

Өскемен қаласындағы педагогтардың дәстүрлі тамыз конференциясы 2018 жылғы 27 тамызда «Ертіс концерттің» концерт залында өтті. Биылғы жылы ол  «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында өткізілді. Конференцияға ШҚО Білім басқармасының басшысы С.А. Жұмаділов, «Нұр Отан» партиясының Өскемендегі филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Ш. Екібасова, меценаттар, сондай-ақ білім беру саласының қызметкерлері қатысты. Фойеде білім беру ұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды, онда  заманауи білім берудің даму үрдістері көрсетілді: жаңартылған білім беру мазмұны, үштілділік, цифрландыру, робототехника.

Конференцияның модераторы, қала әкімі Жақсылық Омар алғы сөз сөйледі. Білім беру бөлімі басшысының м.а. Д.С. Журавлевтің баяндамасында қаладағы білім беру мекемелерінің өткен жылғы жұмыс нәтижесіне қатысты мәселелер қозғалып, алдағы оқу жылына қойылған міндеттер айтылды.  

Кеңес модераторы Жақсылық Омар цифрландыру барлық саланы дамытудың түйінді факторы болып табылатынына баса назар аударды.  «Менің мектебім» жобасы аясында 42 толық жиынтықтағы мектептер Назарбаев Зияткерлік мектебінің стандарты бойынша 70 қазіргі заманғы пән сыныптарымен және робототехника кабинеттерімен қамтамасыз етілген.   Тамыз кеңесі білім беру саласының өткен оқу жылындағы қызметін толыққанды талдауға және жаңа оқу жылындағы алға қойылған мақсаттарды айқындауға мүмкіндік береді. Қалада көптеген оң істер атқарылды, бірнеше жұмыс бағыттарында жақсы нәтиже де бар. Бұл, әрине, қаладағы педагогтардың, тұтастай алғанда, барлық білім беру қызметкерлерінің еңбегі. Қала әкімі өз сөзінің соңында барлық қатысушыларды алдағы Конституция күнімен және жаңа оқу жылымен құттықтап, мықты денсаулық, еңбекте  жарқын  табыстар  мен жетістіктер тіледі. Сонымен қатар конференцияда педагог қызметкерлерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Жаңа оқу жылының қарсаңында өткен тамыз конференциясы Өскемен қаласының мұғалімдеріне күш алып, әріптестерімен кәсіби міндеттерді шешу үшін жаңа идеялармен бөлісуге мүмкіндік берді.