«Латын әліпбиіне кезең кезеңмен көшу жоспарының іске асырылуы» семинар
2019 жылдың 30 қаңтарында Өскемен қаласы әкімдігінің № 46 орта мектебінде мемлекет басшының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығын қолдау және 2025 жылға дейінгі кезең-кезеңімен көшу жоспарымен танысу мақсатында «Латын әліпбиіне кезең кезеңмен көшу жоспарының іске асырылуы» тақырыпта семинар өтті. Іс-шараға білім бөлімінің әдіскерлері З. Скакова, М. Жондыбаева, қаланың қазақ, аралас мектептерінің қазақ, орыс, ағылшын тілдері пән мұғалімдері қатысты. Семинар барысында қазақ жазуының тарихына, сонымен қатар ағылшын мен латын әліпбиінің ұқсастығы мен ерекшелігіне тоқтала отырып, қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына және 2025 жылға дейінгі кезең-кезеңімен көшу жоспарындағы іс-шаралардың іске асу барысымен таныстырылды. Сондай-ақ, латын әліпбиін қолдану аясын кеңейту мақсатында семинар қатысушыларымен сөздік ойын түрлері, сипаттау мәтінін жаздыру тапсырмалары мен салыстыру жұмыстары жүргізілді. Семинарға қатысушылар арасында орфография, орфоэпия норма арасындағы өзгерістер бойынша өздерінде туындаған мәселелер жөнінде шағын пікірталас орын алды. Семинар қатысушылары іс-шараның өтуіне белсенділік танытып, семинар туралы пікірлерімен бөлісіп, алғыстарын білдірді.