Өскемен қаласының
Білім беру бөлімінің
Ресми сайты

«№ 13 «Дария» балабақша-бөбекжайында Наурыз мейрамы өтті

2019 жылдың 20 наурызында Өскемен қаласы әкімдігінің «№ 13 «Дария» балабақша-бөбекжайы» КМҚК-де ескіліктің есігін қағып, жаңа күнмен жаңарып жеткен - Наурыз мерекесі тойланды. Балабақшаның кіре берісіне дастарқан жайылды, ұлттық киім киген қыздар ата-аналар мен бүлдіршіндерді   қарсы алып, наурыз көже мен бауырсақ, тәтті тағамдардан дәм татқызды.

Балабақшаның музыкалық залында  «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты музыкалық ойын-сауық өткізілді. Онда балалар ән айтып, би биледі. Салт-дәстүріміз «Бесікке салу» рәсімі көрсетіліп, «Алтын сақа» ертегісінің қойылымы көрсетілді. «Ханталапай», «Асық ату», «Арқан тарту» сияқты ұлттық ойындар ойнатылды. Бүлдіршіндер ойынға қызығушылықпен белсене қатысты.

Мерекеге  Қыдыр ата мен Наурыз қыз, Саққұлақ қонаққа келіп ақ батасын беріп, тыныштық пен береке тіледі.

Ұлыстың ұлы күні мерекесінде орыс тілінде, қазақ тілінде өлеңдер айтылып, ән шырқалды, би биленді, осылайша достық пен татулық насихатталып, ақ тiлектер айтылды.

Халқымыздың тарихымен сабақтас осы мерекенiң мән-мағынасы өте зор. Балабақшада «Ұлы даланың жеті қыры» атты көрме ұйымдастырылды. Онда еліміздің бай мәдениетін көрсететін бұйымдар қойылды. Ұлы даланы мекендеген халықтардың дүниетанымымен  және құндылықтарымен  балаларды таныстырып, түп-тамырымызға жаңаша қарауды мақсат еттік.

Балабақшадағы Наурыз мейрамы осылайша көңiлдi мерекеге ұласып, балалар  мен ата - аналардың көңiлiнен шықты.