«Ай қонағы» жобасы аясында С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ректорымен өткізілген кездесу
2020 жылғы 15 қаңтарда, Оқушылар шығармашылық сарайында білім саласындағы Қазақстанның жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі, еліміз үшін педагог кадрларды дайындаудың флагманы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры – заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, PhD философия докторы - Төлеген Мұхтар Әділбекұлы қонақта болды. Кездесуге Ұланбасы және «Жас Ұлан» республикалық бірыңғай балалар және жасөспірімдер ұйымының белсенді өкілдері қатысты.
Кездесудің басында «Жас Ұлан» қалалық комитеті қонаққа комитет жұмысының басты тұжырымдамасы бейнеленген, комитеттің жұмыс нәтижесінің инфографикасын таныстырды.
Кездесу барысы келесі сценариймен құрылды:
· Сұхбат;
· Блиц-турнир;
· Балалардың сұрақтары мен жауаптары;
· Мұхтар Әділбекұлын «Жас Ұлан» қатарына қабылдау.
Мұхтар Әділбекұлы жүргізушілердің сұрақтарына бар ықыласымен жауап беріп, балаларға ақыл-кеңестерін айтты, С.Аманжолов ат. ШҚМУ студенттері мен студенттік өмірдің қызықты тұстарын әңгімесіне арқау етті.
Балаларды ЖОО-дағы мамандықтардың түрлері, ректордың грантына оқуға қалай түсуге болатындығы, қандай кітаптар оқу керектігі жайлы және т.б. сұрақтар қызықтырды. Мұхтар Әділбекұлы балалардың барлық сұрақтарына тұщымды жауап беріп, өзінің жеке тәжірибесіндегі қызықты оқиғалармен де бөлісті.
Кездесу соңында балалар дәстүрлі «флеш-моб» орындады. Қонағымыз да бей-жай қалған жоқ, балалардан қалыспай орындап шықты.
Кездесу өте қызықты, балалар үшін өнімді, достық ықыласқа толы болды. Балалардың барлығы қадірменді қонақ болған Мұхтар Әділбекұлымен естелік суретке түсіп қалуға тырысты!