Қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімдері секциясының отырысы
Өскемен қаласы бойынша білім бөлімінің қалалық әдістемелік кабинеті 2021 жылғы 24 тамызда «Білімді ұлт - тұрақты даму кепілі» тақырыбында «Заманауи білім беру сапасы: дәстүрлер, инновациялар, практика» атты тамыз конференциясы шеңберінде онлайн режимде қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімдері секциясының отырысын өткізді.
Қалалық әдістемелік кабинеттің әдіскері З.С.Скакова «2020-2021 оқу жылындағы білім беру үрдісінің сапасын арттыруға бағытталған қазақ тілі және әдебиет пәндері бойынша әдістемелік жұмыстың сараптамасы» атты баяндамасында өткен оқу жылына қорытынды жасай отырып, жаңа оқу жылының міндеттерін де атап көрсетті.
Тамыз кеңесінде қаралған негізгі мәселелер: «Дала қоңырауы» (Ыбырай Алтынсарин туралы ақпарат), «11 - сынып оқушыларын қорытынды аттестаттауға дайындау» (эссе жазуды үйрету тәжірибесі ...), «Көптілділік - бүгінгі өзекті мәселе» (тілдік мектептердегі көптілділікті оқыту).
Вебинар барысында «Оралхан Бөкей атындағы № 44 лицейдің қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының жетекшісі С. Сайранбекқызы Ұлт Ұстазы атанған Ыбырай Алтынсариннің 180 жасқа толу мерейтойы аталып өтетінін айтып, ғалымның қоғам қайраткері ретінде қазақ халқының рухани, мәдени дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне қатысты тың деректермен бөлісті.
Вебинар 11-сынып оқушыларын қорытынды аттестаттауға дайындау бойынша қала мектептерінің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімдерімен іс-тәжірибе бөлісуі арқылы жалғасын тапты. Онда оқушылардың эссе жазуда кездесетін әр түрлі сұрақтар бейнесюжет түрінде көрініс тауып, пән мұғалімдері туындаған сұрақтарға толыққанды жауап берді. Вебинар соңында кері байланыс жүргізіліп, ұстаздар көкейінде жүрген сұрақтарымен, ұсыныс, пікірлерімен бөлісті.
«Л.Гумилев атындағы № 38 гимназиясы» КММ қазақ тілі және әдебиет мұғалімі А.Д.Смағұлова «Үштілділікті оқыту арқылы оқушылардың тілдік дағдыларын дамытудың жолдары», А.У.Козыбаеваның «Бастауыш сыныптағы үштілділікті оқытудың ерекшеліктері» атты тақырыпта өздерінің іс-тәжірибелерімен бөлісті. № 38 гимназия мұғалімдері кіріктірілген сабақтар, іс-шаралар туралы өздерінің бірнеше жылдық тәжірибелерін ортаға салды.
«№ 12 мектеп-гимназиясы» КММ қазақ тілі және әдебиет мұғалімі А.М.Шукеева «Дала қоңырауы» атты тақырыпта Ыбырай Алтынсарин туралы айтса, С.А.Деменова «Көптілді оқытудағы мектептің өткізіп жатқан іс-тәжірибесімен бөлісу» атты тақырыпта өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті.
Балабақша үшін секциялық отырыстың тақырыбы «Мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ тілін үйретудің тиімді жолдары».
«№100 балабақша-бөбекжай» КМҚК қазақ тілі мұғалімі, Л.Б.Слямгалиева кіріспе баяндама жасады. Баяндама қазақ ағартушысы, жаңашыл педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналды.
«№ 45 «Болашақ» балабақша - бөбекжайы» КМҚК қазақ тілі мұғалімі А.Қ. Смағұлова МЖМБС «Коммуникация» білім беру саласының «Қазақ тілі» бөлімінің негізгі мақсаттары мен міндеттері туралы айтып берді. «Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған № 62 балабақша» КММ педагогтары Ж.Қ.Кенесбаева, Қ.А.Ахметжанова және «Лада» балабақша» ЖШС педагогтары С.С. Икамбаева мектеп жасына дейінгі балаларға қазақ тілін тиімді оқыту бойынша тәжірибелерімен бөлісті.